Жуырда өткен Демонополизация жөніндегі комиссияның отырысын асыра айтпай-ақ, сенсациялық деп атауға болады, өйткені оның отандық бұлтты қызметтер нарығы үшін аса жағымды салдары болады. Әрі бұл ең жақын болашақта орын алады.
Алғышарттар
2012 жылдың өзінде Қазақстандағы алғашқы жекеменшік ДӨО иесі Тахир Такабаев отандық бұлтты инфрақұрылымның әлсіз дамуы мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдірді. Атап айтқанда, ол отандық бизнес өкілдері үшін жоғары тарифтермен қатар интернет жылдамдығын әдейі және жасанды түрде төмендетуді білдіретін «портқа қойылатын шектеу» деген ұғымды мысалға келтірді. Бұл ретте жеке тұлғаларға интернет барынша жоғары жылдамдықпен ұсынылады. Соның салдарынан қазақстандықтар тұтынатын трафиктің іс жүзінде барлығы шетелден келіп, отандық платформалар (оның ішінде отандық бизнес-қосымшалар да) тиісті деңгейде дами алмады.
Яғни біздің мұнай саламыз шикі мұнайды «әрі қарай» айдауға бағдарланғаны сияқты, телекоммуникация саламыз да трафикті «арғы жақтан» айдауға бағдарланған
Парадоксты бұлт
Жоғарыда аталған алғышарттар отандық бұлтты нарықта парадоксты жағдайдың қалыптасуына әкелді: Қазақстан мен Ресейдің бұлтты нарықтарындағы жағдайды халық саны/ЖІӨ арақатынасы бойынша салыстырсақ, біздің бұлтты нарығымыздың әлеуеті шамамен 10 (!) есеге төмен бағаланған. Бұл қорытындыны 2021 жылдың соңында белгілі талдау агенттігі ұсынды IKS-Media.
Тіпті көпшілікке жақсы таныс "Яровая заңы" мен барлық танымал әлеуметтік желілердің (Facebook, Instagram, VK), сондай-ақ танымал бұлтты бизнес-платформалардың (1C, Bitrix, AMO CRM және т.б.) физикалық тұрғыдан Ресейдегі немесе шетелдегі деректер орталықтарында орналасқанын ескерсек те, бұл жағдайда да отандық бұлтты нарықтың көлемін кемінде бес есеге төмен бағаланған деп сеніммен айтуға болады.
"...Мен айтып өткендей, қазір Ресейде коммерциялық пайдалануда 50 мың серверлік сөре бар. Қазақстан мен Ресейдің халық саны бойынша арақатынасы — 1-ге 10. Теориялық тұрғыдан, бізде 5 мың серверлік сөре болуы керек. Егер «Қазақтелеком» әрқайсысында 100 сөресі бар 12 ДӨО салса да, бұл — 1200 серверлік сөре. Тағы бір жерде 4000 серверлік сөре болуы тиіс. Оның үстіне, бұл қазіргі уақытта (ред. - 2012 жыл), Ресеймен арақатынасты теңестіру үшін қажет көрсеткіш. Ал ол жақта нарық бір орында тұрған жоқ."
Тағы да алғышарттар
Дәстүр бойынша, бұлтты есептеу қуаттарының дамуы деректерді өңдеу орталықтарын салу қарқынына негізделеді. Өз кезегінде, ДӨО құрылысы нарығы екі тежеуші факторға байланысты сипатталады:
Нарыққа кіру шегінің жоғары болуы. Инвестор — деректер орталығының болашақ иесі — күрделі инженерлік инфрақұрылымды салуға қажетті қомақты қаржылық мүмкіндіктерге ие болуы тиіс;
«Ұзақ мерзімді ақша». Инвестор — деректер орталығының болашақ иесі — капиталдың жеткілікті ірі сомасын ұзақ мерзімге «байлап қоюға» мүмкіндік алуы тиіс (инвестициялау мерзімі орта есеппен 7 жылдан 10 жылға дейін).
Нәтижесінде бұл жағдай Қазақстандағы коммерциялық деректер орталықтары нарығында байланыс операторларының басым болуына әкелді. Тәуелсіз деректер орталықтары сегменті әзірге нарықтық қуатқа ие болған жоқ. Мәселен, ҚР ЦДИАӨМ министрі Б. Мусиннің мәлімдеуінше, отандық бұлтты нарықтың 55%-ына дейінгі үлесін бір ғана «Қазақтелеком» алып отыр. Әрине, мұндай жағдайда «Қазақтелекомға» бұлтты қызметтерінің құнын төмендету де, шағын және орта бизнеске арналған түсінікті әрі айқын тарифтерді дамыту да тиімсіз.
Болжамдар
Қазақстанның бұлтты нарығы көлемінің серпіні қарқынды өсімсіз, органикалық өсімді көрсетеді. Мәселен, 2019 жылы нарық 2018 жылмен салыстырғанда 24%-ға өсті. Ал 2020 жылы нарық 2019 жылмен салыстырғанда 31%-ға өсіп, ақшалай мәнде шамамен $15.5 млн болды.
«Қазақтелекомды» демонополизациялау бірнеше мобильді және сымды интернет-провайдердің дамуына әкеледі деп болжауға болады, бұл өз кезегінде шағын және орта бизнес үшін тарифтердің төмендеуіне және интернеттің өткізу қабілетінің артуына ықпал етеді. Ал одан әрі бәрін «бизнестің табиғи даму жолы» шешеді. Қазақстанда ойын-сауық мазмұны бар отандық платформалардың дамуымен қатар, танымал бұлтты SaaS-шешімдерге сұраныс артады:
Бухгалтерлік сервистер;
Электрондық құжат айналымы;
Бұлтты телефония;
Бұлтты бейнеконференцбайланыс.
Мұндай сенімділік қайдан пайда болды?
Әрине, бұл — тек болжам. Елдегі халық санының аздығы немесе отандық бағдарламалық әзірлемелердің болмауы Қазақстандағы бұлтты технологиялар нарығының төмен өсу қарқынының неғұрлым айқын себептері болып көрінеді.
Алайда іс жүзінде себеп мүлде басқа болуы мүмкін. Сондықтан мен өзіме айқын көрінген басқа да себептерді ұсынуға тырыстым. Экономикада міндетті дұрыс қою көбіне оны шешуден маңыздырақ. Өйткені басты қателік дұрыс міндетті көрмеуден туындайды.
Монополияға қарсы комиссия шешімінің қандай салдарларға әкелетінін біз жақын арада-ақ көреміз.

